Абай облысының Курчатов қаласында полиция қызметкерлері 18 сағатқа жуық іздеуде болған әйелді аман-есен тауып, туыстарына тапсырды, деп хабарлайды "24KZ".
17 маусым күні түнгі сағат 00:36-да «102» арнасына Курчатов қаласының 46 жастағы тұрғыны үйінен шығып кетіп, қайта оралмағаны туралы хабарлама түскен.
Дабыл бойынша бірден полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмылдырылды. Іздеу тобы қала көшелерін, аулаларды, қараусыз қалған ғимараттар мен қала маңындағы аумақтарды сүзіп шықты.
Түз бен даланы 17 сағат 46 минут бойы үздіксіз тінткен Курчатов қаласының учаскелік полиция инспекторлары Ержан Исайынов пен Заңғар Асқарұлы жоғалған әйелді қаладан 25 шақырым жердегі өзен жағасынан тапты.
Әйел адамның жетуі қиын, батпақты аумақтағы қалың шөптің арасында қалғаны анықталды. Ол қатты қорқып, дәрменсіз күйде жатқан. Көлік бара алмайтын сор батпақтан өту үшін полицейлердің бірі аяқ киімін шешіп, батпақты жалаңаяқ кешіп өтуге мәжбүр болған.
Қазіргі уақытта әйел отбасына аман-есен қауышты. Жақындарының айтуынша, 18 сағатқа созылған белгісіздік кезінде олар қатты үрейленген. Олар полицейлердің осындай қиын сәтте табандылық пен кәсібилік танытып, жанқиярлықпен көмекке келгеніне рахмет айтты.
Тегтер #Абай облысы #жоғалған әйел #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz