RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан жолдарында жалған нөмір таққан 500-ден астам автокөлік анықталды

18.06.2026, 12:31 49

Елімізде өткен республикалық рейд барысында заңсыз мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланған жүздеген жүргізуші құрықталды. Бұл туралы Ішкі істер органдарының ресми мәліметіне сілтеме жасап «24KZ» хабарлайды.

 

Ағымдағы жылдың 10-14 маусым аралығында тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында ауқымды іс-шаралар жүргізді. Төрт күнге созылған жедел-рейдтік жұмыстардың нәтижесінде жол ережесін өрескел бұзып, жалған нөмірмен  жүрген 500-ден астам автокөлік анықталды.

 

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, рейд барысында заманауи цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған бақылау жүйелері белсенді қолданылған. Жалған нөмір тағып, жылдамдықты шамадан тыс асыратын және бейнебақылау камераларына түсуден жалтарып жүрген «пысықайлар» арнайы талдау бағдарламаларының көмегімен құрықталды.

 

Нәтижесінде 22 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолы кесілді, оның ішінде 500 көлік құралында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі орнатылған. Бұдан басқа мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған 1,5 мыңнан астам көлік анықталды. Арнайы тұрақтарға шамамен 2,5 мың автокөлік қойылды. Аталған фактілер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану көбіне қасақана сипатқа ие екенін және құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықтан жалтару мақсатында қолданылатынын көрсетеді.

Әрбір құқық бұзушылыққа тиісті құқытық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Осындай құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде жалғасатын болады, - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz