Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласында тәртіп сақшылары танысына күш көрсетіп, ақшасы мен мүлкін заңсыз иемденіп келген жергілікті тұрғынды құрықтады, деп хабарлайды "24KZ".
Тергеудің алдын ала мәліметтеріне сүйенсек, бұл қылмыстық әрекет бір күнде емес, бірнеше жылға созылған. Күдікке ілінген 39 жастағы ер адам 2023 жылдан бері танысын үнемі «күш қолданамын» деп қорқытып, өзіне ақша беріп тұруға мәжбүрлеген. Жәбірленушінің заңсыз бопсалаудан шеккен жалпы материалдық шығыны шамамен 2,5 миллион теңгені құрап отыр.
Ашкөздігі шектен шыққан күдікті соңғы уақытта жәбірленушінің жеке мүлкіне де ауыз сала бастаған.
Тәртіп сақшыларының дерегінше, ол жәбірленушіден өзіне тиесілі Volkswagen Passat маркалы автокөлігін тез арада сатуды талап еткен. Алайда бұл мәміле жүзеге аспай қалған соң, күдікті ашуға мініп, көліктің орнына тағы 1 миллион теңге қолма-қол ақша әкелуді бұйырған.
Ұзақ уақыт бойы жалғасқан заңсыз әрекеттер мен қоқан-лоқының салдарынан жәбірленуші қомақты қаражаты мен дүние-мүлкінен айырылып, тығырыққа тірелген.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті азамат қолға түсіп, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Тегтер #ШҚО #Шемонаиха #бопсалау #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz