RU
Толық нұсқаға өту

Әл-Фарабидегі апат: Қаза тапқан Томиристің әкесі 100 млн теңге сұрады

22.06.2026, 14:24 82

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша жарыссөз өтті. Шара барысында қаза тапқандардың аналары айыпталып жатқан Zeekr жүргізушісін неліктен кешіргендерін айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Қоғамда үлкен резонанс тудырған әл-Фараби даңғылындағы апаттан қаза тапқан үш адамның жақындары Александр Пакты кешіріп, оған ең жоғары жаза мерзімін беру талабынан бас тартты.

Аналардың бірі кек алудан бас тарту әлсіздік емес, керісінше, орны толмас қазаның ауыр мұңына қарамастан, адамгершіліктің, жан дүние беріктігі мен ішкі күш-жігердің көрінісі екенін атап өтті.

Қаза тапқан екінші бойжеткеннің анасы сотталушыны кешіргенін, бірақ заңды үкімді күтетінін мәлімдеді. Ол үшін ең маңыздысы - қызының ақ атын қорғап, шындықты орнату, сондай-ақ қиылған жастың құны бар екенін көрсету.

«Ақша үшін емес, балам тыныш жатсын деп кешірдім»

Тағы бір жәбірленуші - Томирис Қыдырбектің анасы Арайлы Есенбаева үкімнің қаталдығымен баласын қайтара алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, жерлеу рәсімінен кейін сотталушы Александр Пактың ата-анасы отбасына келіп, көңіл айтқан. Осыдан кейін ол туыстарына сотталушыны кешіретінін айтқан.

Ақша үшін де, басқа ештеңе үшін де емес. Тек балам о дүниеде тыныш жатсын деп кешірдім. Маған да оңай емес. Мен де қызымнан айырылып, қайғы жұтып отырмын. Бүгінгі күнге дейін емделіп келемін, - деді Томиристің анасы.

Арайлы Есенбаева Александр Пакқа нақты бір жаза мерзімін сұрамайтынын және жазаны сот анықтауы тиіс деп есептейтінін айтты.

 "Сот өзі шешсін" дедім. Енді ештеңені өзгерте алмайсың. Оны өмір бойына қамаса да, жарты жылға отырғызса да, қызымды қайтара алмаймын, - деді ол.

Ал Томиристің әкесі, өз кезегінде, 100 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етіп, Zeekr автокөлігінің жүргізушісін кешірмегенін мәлімдеді.

 

Еске сала кетейік, адам өліміне әкеп соққан жол апаты 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу салдарынан болған еді. Тергеу мәліметтері бойынша, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes-тің 29 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы (20 және 22 жастағы бойжеткендер) оқиға орнында көз жұмды.

Zeekr жүргізушісінің өзі түрлі жарақаттар алып, ауруханаға түскен, кейіннен күзет бақылауында болды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін ол тергеу изоляторына ауыстырылды. Апат кезінде оның жеңіл дәрежелі мас күйде болғаны анықталды. Кейінірек полиция қызметкерлері сотта Александр Пактың жол апатынан кейінгі күйі қандай болғанын айтып берген еді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz