Қазақстанда миллиондаған қаржыны айналымға салып, есірткі бизнесін дөңгелеткен трансұлттық қылмыстық топтың басшысы қолға түсті, деп хабарлайды "24KZ". Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Польшадан Украина азаматын экстрадициялады. Бұл ауқымды операцияға Қазақстанның Польшадағы Елшілігі де белсенді қолдау көрсеткен.
Арнайы прокурорлардың анықтауынша, күдікті халықаралық қылмыстық топ құрып, танымал Telegram мессенджерінде «Kaef Mafia» деп аталатын интернет-дүкен ашқан. Осы платформа арқылы синтетикалық есірткі мен психотроптық заттарды «жасырын қоймалар» арқылы жүйелі түрде сатып отырған.
Қылмыстық бизнес өте табысты болғаны сонша, топ мүшелерінің банк шоттары арқылы 2,8 миллиард теңгеден астам қаражат өткен. Күдіктілер бұл ақшаны заңдастырып, Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып үлгерген. Алайда, құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында бұл миллиардтар мемлекет пайдасына тәркіленді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында аталған қылмыстық топтан 1,2 келіден астам есірткі және психотроптық заттар тәркіленген болатын. Көп ұзамай топтың бірнеше мүшесі ұсталып, сотталды. Ал қылмыстың басты ұйымдастырушысы тергеуден бой тасалап, шетелге қашып кеткендіктен, оған халықаралық іздеу жарияланды.
Нәтижесінде, өткен жылдың желтоқсан айында күдікті Польша аумағында қолға түсті. Қазақстанның Бас прокуратурасының ресми сұрауынан кейін, ол елге экстрадицияланды, - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі уақытта трансұлттық мафия жетекшісі тергеу изоляторына қамалды. Оған синтетикалық есірткіні сату және қылмыстық кірісті заңдастыру бойынша ауыр айыптар тағылып отыр.
Егер оның кінәсі толық дәлелденсе, Қазақстан заңнамасына сәйкес, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тегтер #ІІМ #интерпол #есірткі #есірткі бизнесі #24жаңалықтар #24KZ #ПольшаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz