Шымкентте полицейлер жеке тұрғын үйдің ауласынан қарбыз бен өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарының арасында жасырылған есірткі плантациясын анықтады, деп хабарлайды «24KZ».
Тінту кезінде шамамен 130 түп құрамында есірткісі бар өсімдік, 330 келіден астам есірткі шикізаты және сатуға дайындалған өнім тәркіленді.
Бұл дерек Ішкі істер министрлігі өткізіп жатқан "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында белгілі болды.
– Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері Шымкент қаласы тұрғынының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Ол өз үйінің аумағында "гашиш" пен "марихуана" секілді каннабис тобындағы есірткіні өсіруден бастап дайын өнімді сату үшін дайындау процесіне дейін ұйымдастырған, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Тінту барысында есірткі өсімдіктерінен бөлек, ірі көлемдегі есірткі шикізаты мен сатуға дайындалған өнім де тәркіленді.
– Тінту барысында ауыл шаруашылығы дақылдарының арасында жасырылған құрамында есірткісі бар шамамен 130 түп өсімдік табылды. Сондай-ақ шаруашылық құрылыстарынан 330 килограмнан астам есірткі шикізаты және әрі қарай сату үшін буып оралған дайын өнім тәркіленді, – деді Елдар Әбдікенов.
Аталған факті бойынша есірткіні өткізу мақсатында сақтау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер есірткінің өткізу арналары мен қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтауда.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ІІМ #Шымкент #есірткі #қарбызPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz