Елордада құтқарушылар мен тұрғындардың жедел әрекетінің арқасында адам өліміне жол берілмеді. Астана уақытымен бүгін «112» құтқару қызметінің пультіне «Атырау» көпірінің маңында Есіл өзеніне секіріп, суға батып бара жатқан қыз туралы шұғыл хабарлама түсті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Дабыл белгісі түсісімен Есіл өзенінің жағасында орналасқан құтқару бөлімшесінің мамандары заманауи жылдамдығы жоғары қайықпен дереу оқиға орнына аттанған. Су бетіндегі екі шақырымға жуық қашықтықты бағындырған ТЖМ қызметкерлері діттеген жерге небәрі бір минуттың ішінде жеткен.
Мамандар келгенге дейін суға батып бара жатқан қызға сол маңда жаттығу жасап жүрген байдарка қауымдастығының мүшелері алғашқы көмекті көрсетіп үлгерген. Олар зардап шегушіні су бетінде ұстап тұрып, ағысқа ағып кетуден сақтап қалды.
Құтқарушылардың шебер әрекеті мен куәгерлердің дер кезінде көмекке келуінің арқасында 1991 жылы туған әйел аман-есен судан шығарылды. Ол жағаға жеткізіліп, алғашқы медициналық жәрдем көрсету үшін шұғыл түрде жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі уақытта дәрігерлер зардап шеккен әйелдің денсаулық жағдайын тексеріп жатыр. Оның өзенге секіруіне не себеп болғанын және оқиғаның нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және қиын жағдайға тап болған сәтте дереу «112» немесе «101» нөмірлеріне қоңырау шалуға шақырады.
Тегтер #Астана #ТЖМ #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz