RU
Толық нұсқаға өту
Фото: Ашық дереккөз

Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар тағылды

30.06.2026, 14:28 65

Атырау облысында төрт адамды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Басты айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке адам өлтіру ісі бойынша жаңа айыптар тағылып, алаяқтық пен мал ұрлығы бойынша қосымша баптар енгізілді, деп хабарлайды «24KZ».

30 маусымдағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар айыптарды толықтырып, жаңа тармақтар енгізілгенін мәлімдеді. Судья Зарема Хамидуллина айыптау  актісінің толықтырылған жаңа нұсқасын жариялады.

Тергеу мен мемлекеттік айыптаушылардың ұстанымы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиевке:

Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның өліміне қатысты айыпқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы қосылған. Яғни, оларды басқа қылмысты жасыру мақсатында өлтірді деген айып қосылды.

Мирамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты 99-баптың 2-бөлігі 3 және 10-тармақтары енгізілген. 

Тергеу нұсқасы бойынша:

Мирамгүл церебралды сал ауруымен (ДЦП) ауырған, көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі болған, сондықтан дәрменсіз жағдайда болған.

Тергеу мәліметінше, Мирамгүл Қарабалина дәрменсіз жағдайда болған және ата-анасының өлімі туралы полицияға хабарламақ болғаны үшін өлтірілген.

Сондай-ақ Сәрсемәлиевке қаза тапқан адамдардың атына тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз иемденді деген алаяқтық айыбы тағылды.

Келтірілген шығын көлемі – 520 996 теңге. 

Бұған қоса, бұрын алаяқтық ретінде қаралған эпизод «мал ұрлығы» бабы бойынша қайта сараланды.

Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, әйелінің ата-анасы Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева мен Мирамгүл Қарабалинаны қасақана өлтіргенін айтты. 

Ал, Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі туралы айыпталушы оның алдын ала жоспарланбағанын айтып, жанжал кезінде өзін қорғау үшін өлтіргенін мәлімдеген. Сондай-ақ ол қылмыстан кейін Қазақстаннан кеткенін растаған.

Оның айтуынша, елден кетуіне ұзақ уақыт бойы жиналған қарыздар салдарынан болған ауыр психологиялық күйзеліс және болған оқиғадан, шындықтан қашуға тырысқаны себеп болды деп түсіндірген.

Еске салайық, Атырауда бір отбасындағы төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта қылмыстан кейін Түркия арқылы Меккеге барып, Құдайдан кешірім сұрағанын айтқан. Айыпталушы соттағы соңғы мәлімдемесінде марқұмдарды себепсіз өлтірмегенін, әйелінің туыстарымен арада жанжал болғанын және оны растайтын аудиожазба бар екенін айтқан.

Марқұмдардың туыстары соттан отбасының төрт мүшесінен бірдей айырылуына байланысты  Сұлтан Сәрсемәлиевтен 70 миллион теңге моральдық және материалдық өтемақы өндіруді талап еткен. 
Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz