Ақтөбе облысында жаппай улану тіркелген мейрамхана заңды құжатсыз жұмыс істеген. Бұл деректі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Оқиға, Ақтөбе облысында Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен банкеттен кейін жаппай улану тіркелген. Оқиғадан соң көптеген адамдар ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше,
бүгінде науқастар саны 188 адамға жеткен, олардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Көпшілігі ауруханаға жатқызылып, бір бөлігі амбулаторлық ем алып жатыр.
Мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтатылып, полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабы «Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тексеру барысында мейрамхананың тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені анықталған.
Сонымен қатар санитарлық талаптардың бұзылғаны, тағамды сақтау және дайындау ережелерінің сақталмағаны, қызметкерлердің медициналық тексерістен өтпегені белгілі болды.
Зертханалық сараптама тағам өнімдері мен қызметкерлерден ішек инфекциясы қоздырғыштарын тапқан.
Қазіргі уақытта мейрамхана жабылып, полиция қылмыстық іс қозғаған. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Тегтер #Ақтөбе облысы #жаппай улану #тергеу #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz