Астрономдар адамзат тарихында алғаш рет Жердің жанынан көзге көрінетіндей жақын өтетін астероидтың қозғалысын алдын ала дәл есептеп отыр, деп хабарлайды «24KZ» space.com сайтына сілтеме жасап.
2029 жылдың 13 сәуірінде көлемі зәулім ғимараттай болатын 99942 Apophis астероиды Жерге өте жақын қашықтықтан ұшып өтеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл тарихи құбылысты әлем халқының шамамен 90 пайызы бақылау мүмкіндігіне ие болады.
Астрономдар Майкл Зайлер мен Рик Файнберг жасаған көріну карталарына сәйкес, шамамен 7,6 миллиард адам тұратын аймақтарда астероидты қолайлы жағдай болса, қарапайым көзбен көруге болады. Дегенмен нақты бақылау мүмкіндігі ауа райына, бұлттылыққа және қалалардағы жарық ластануына байланысты болады.
Апофис аспанда жарқыраған метеор секілді ұшып өтпейді. Ол бір нүктелі жарық ретінде көрініп, жұлдыздардың арасымен баяу қозғалғандай әсер қалдырады. Ең жақын сәтінде астероид аспанда минутына толық Айдың көрінетін диаметріндей жылдамдықпен жылжиды.
«Оны байқау қиын болмайды. Ол жасанды серіктерге қарағанда баяу қозғалады. Аспанды бірнеше минутта емес, бірнеше сағатта кесіп өтеді», – деді астроном Рик Файнберг.
Ғалымдардың есебінше, астероид шамамен жеті сағат бойы көрінуі мүмкін. Оның қозғалысы Австралия аумағынан басталып, кейін Азия, Африка, Еуропа және Америка құрлықтарының кей бөліктерінен байқалады.
Астероид ең жарық көрінетін сәтіне Дүниежүзілік уақыт бойынша (UTC) 20:35-те жетеді. Бұл — Астана уақытымен 2029 жылғы 14 сәуір түнгі 01:35 шамасы. Сол кезде Апофис Камерун аумағының үстінен өтіп, Африка, Азия, Шығыс Оңтүстік Америка және Еуропаның кей өңірлеріндегі шамамен 3,9 миллиард адамға көрінуі мүмкін.
Ал UTC бойынша 21:45-те (Астана уақытымен 14 сәуір сағат 02:45 шамасында) астероид Жерге ең жақын нүктесіне жетеді. Ол планетамыздан шамамен 31 600 шақырым биіктіктен өтеді. Бұл қашықтық Жердің геостационарлық серіктері орналасқан орбитадан да төмен.
«Бұл – тарихта алғаш рет алдын ала есептеліп, адамдарға көзбен бақылауға мүмкіндік беретін астероидтың Жер жанынан өтуі. Бұл – бүкіл адамзатқа ортақ тәжірибе», – деді ол.
Ғалымдар Апофистің Жерге соғылу қаупі жоқ екенін бірнеше рет атап өтті. Астероид алғаш рет 2004 жылы анықталған кезде, оның 2029 жылы Жерге соғылу ықтималдығы 37-ден 1 деп есептелген еді. Кейінгі жылдардағы бақылаулар оның орбитасын нақтылап, қауіптің толық жойылғанын көрсетті.
Қазір зерттеушілер Апофистің жақындауын қауіп ретінде емес, үлкен ғылыми мүмкіндік ретінде қарастырып отыр. Жердің тартылыс күші астероидтың беткі қабатына әсер етіп, көшкіндер туғызуы немесе бұрын байқалмаған материалдарды ашуы мүмкін.
«Не болатынын нақты білмейміз. Апофис Жер жанынан өтіп, еш өзгеріссіз қалуы мүмкін. Немесе біз маңызды құбылыстарды байқай аламыз. Сондықтан оны бақылау қажет», – деді Ричард Бинцель.
Ғалымдар астероидты бақылау үшін түрлі обсерваторияларды пайдалануды жоспарлап отыр. Соның ішінде Испанияның Канар аралдарындағы телескоптар да бар. Бұл аймақ астероидтың ең жақын сәтін бақылауға қолайлы орындардың бірі саналады.
2029 жылғы Апофис ұшуы – адамзаттың ғарышты зерттеу тарихындағы ең ерекше астрономиялық оқиғалардың біріне айналмақ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #астероидPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz