Атыраудан Ақтөбеге бағыт алған пойызда жолаушының көз жұмғаны туралы бұған дейін хабарлаған едік. Қайғылы оқиғадан кейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ ішкі тексеру жүргізіп, қатаң шешім қабылдады, деп хабарлайды «24 KZ».
Компанияның ресми мәліметінше, марқұмның пойызда заңсыз, яғни жол жүру билетінсіз бара жатқаны толық расталды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» филиалы жүргізген қызметтік тексеру қорытындысы бойынша оқиғаға қатысы бар жауапты тұлғаларға қатысты шаралар қабылданды.
Адамды вагонға билетсіз отырғызған екі жолсерікпен және пойыз бастығымен еңбек шарты тоқтатылып, олар жұмыстан босатылды. Сонымен қатар Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс берілді.
Сондай-ақ тасымалдаушы компания филиалдың басшылық құрамына қатысты да лауазымынан босатуға дейінгі қатаң тәртіптік шаралар қолданылатынын жеткізді.
Компания өкілдері марқұм орналасқан вагонның 2023 жылы пайдалануға берілгенін хабарлады. Сапар кезінде ауа баптағыш жүйесі толықтай штаттық режимде жұмыс істегенін және жолаушыларға қызмет көрсету бекітілген стандарттарға сай жүргізілгенін алға тартады.
Еске сала кетейік, 13 шілде күні «Қандыағаш – Ақтөбе» учаскесінде ер адамның денсаулығы кенеттен нашарлап, көз жұмған болатын. Дәрігерлердің алдын ала қойған диагнозы – екі жақты пневмония.
Қазіргі таңда Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жалғастыруда.
Тегтер #жолаушылар тасымалы #ҚТЖ #кісі өлімі #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz