RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Павлодар облысындағы өндірістік апатта қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі

22.07.2026, 16:08 76

 Павлодар облысында болған өндірістік жазатайым оқиғадан қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккен қызметкерге қажетті көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 20 шілде күні Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету кезінде қайғылы жағдай орын алған. Салдарынан алты адам қаза тауып, бір қызметкер жарақат алған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында, қажетті медициналық көмек алуда.

Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына бірқатар министрліктер мен Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері енгізілді.

Комиссия өндірістік апаттың себептерін жан-жақты зерделеп, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Қаза тапқандардың отбасыларына жұмыс беруші тарапынан да қолдау көрсетілмек. Компания материалдық көмек беруді, жыл соңына дейін жалақы мөлшеріндегі төлемдерді сақтауды және несие міндеттемелерін өтеуді өз мойнына алған. Сонымен қатар қаза болған қызметкерлердің кәмелетке толмаған балаларының кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі оқу және басқа да шығындары өтеледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев оқиға орнына барып, қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. Ол мемлекеттік органдар тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігіне (еңбекті қорғау талаптарын бұзу салдарынан адам өліміне әкелген жағдай) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысы Үкімет бақылауында болады.

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz