Алматы облысында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан елге жеткізілді. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметі Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен халықаралық іздеуде болған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялады.
Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған. Кейін дайын психотроптық заттар Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағында жасырын түрде таратылған.
Қылмыстық топтың заңсыз әрекеті барысында тергеушілер 10 келіге жуық психотроптық зат – мефедронды тәркіледі.
Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, топ мүшелері 1,8 млрд теңгеден астам соманы түрлі қаржылық операциялар арқылы, оның ішінде криптоалмастырғыштарды пайдалана отырып заңдастырған. Бұдан бөлек, 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік құралдары сатып алынған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, оларға қатысты сот талқылауы жүріп жатыр. Ал қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған өзге мүшелері, оның ішінде осы күдікті де халықаралық іздеуге жарияланған, – деді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов.
Ведомство мәліметінше, күдікті биыл қаңтарда Грузия аумағында ұсталған. Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға берілді.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар дәлелденген жағдайда, мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #есірткі #Грузия #Алматы облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz