Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгін сотталушы Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
Аймаханның сөзінше, Нұрай Серікбаймен 2025 жылдың шілдесінен бастап қарым-қатынаста болған. Ол қызға қаржылай көмек көрсетіп, түрлі сыйлық жасағанын мәлімдеді.
Сотталушы 2026 жылдың 11 қаңтарында Нұраймен қарым-қатынасты тоқтату үшін кездескенін айтты. Оның сөзінше, сол кезде жанжал туындап, кейінгі оқиғалар есінде қалмаған.
«Айырылысып жатырмыз десем, ол ашуланып, сақинаны лақтырып жіберді. Нұрай кеудемнен ұрып, әдепсіз сөздер айтты. Қалтада пышақтар барын сездім. Кішісін алып шығып, оған бердім де, "Ұрғаннан гөрі осыны тық" дедім. Нұрай пышақ алып, оң жақ бүйірімнен ұрды. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ», – деді Шерхан Аймахан.
Сотталушы Нұрай Серікбайға қатысты оқиғаның нақты қалай болғанын және пышақ жарақаттарының қалай салынғанын есіне түсіре алмайтынын айтты. Оның сөзінше, сол сәтте өзін жоғалтып, аффект жағдайында болған.
Сондай-ақ Аймахан денсаулығына қатысты мәселелер бар екенін және бұған дейін де есін жоғалту жағдайлары болғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің «некеге тұруға мәжбүрлеу», «сталкинг» және «аса қатыгездікпен адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылып отыр. Сот отырысы жалғасып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz