Ақтөбе облысында интернет-алаяқтардың қаржысын жылыстатып, оларға қызмет көрсеткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ» Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
ҚР ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қалада азаматтардан телефон және интернет-алаяқтық жолмен ұрланған ақшаны қабылдау, конвертациялау және заңдастыру схемасын ұйымдастырған қылмыстық топ жұмыс істеген. Топ құрамына 10-нан астам адам кірген.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден астам дропперді тартқан. Күдіктілер банк қосымшалары мен криптоәмияндар орнатылған ұялы телефондарды алдын ала дайындап, дропперлердің шоттарын қашықтан басқарған және олардың қатысуынсыз қаржылық операциялар жүргізген.
Блокчейн-аналитика құралдарын қолдана отырып, ұрланған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілді. Жәбірленушілердің ақшасы алдымен транзиттік банк шоттары арқылы өтіп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына түскен. Содан кейін олар USDT цифрлық активтерін сатып алу үшін криптовалюта платформасына бағытталған. Операцияларға заңды түр беру үшін жалған қарыз шарттары мен номиналды компаниялар пайдаланылды. Қорытынды кезеңде қылмыстық кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталды, – делінген ҚМА хабарламасында.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген жалпы шығын көлемі 120 миллион теңгеден асқан.
Тергеу барысында қылмыстық топтың 8 қатысушысы қамауға алынды, ал тағы екі күдіктіге қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, атап айтқанда 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың доллар көлеміндегі цифрлық активтерге арест қойылды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz