Елімізде шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында 218 адам құтқарылды, деп хабарлайды «24KZ» Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 1 маусымнан бастап ІІМ, басқа да мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен бірлесіп су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Маусым басталғалы ТЖМ қызметкерлері 218 адамды (оның ішінде 76 бала) құтқарды. Жалпы 2026 жылдың басынан бері су қоймаларынан 252 адам, соның ішінде 81 кәмелетке толмаған бала құтқарылған.
Өкінішке қарай, суға бату деректері де тіркелуде. 1 маусымнан бері еліміздің су айдындарында 102 адам, оның ішінде 34 бала суға батып кетті.
Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде су құрбаны болғандар саны 88 адамды (оның 28-і бала) құраған еді. ТЖМ өкілдері қайғылы жағдайлардың 85 пайызы шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда болатынын атап өтті.
Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖМ, ІІМ және волонтерлер 39 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 1995 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 26 миллион теңгеден асты.
ТЖМ азаматтарды тек рұқсат етілген жағажайларда ғана демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, мас күйінде шомылмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Тегтер #шомылу маусымы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz