Астана қаласында әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдап, тендерлік жобаларға қаржы салуды ұсынған 32 жастағы күдікті ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап «24KZ» хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, күдікті TikTok және Threads әлеуметтік желілерінде жоғары табысты инвестициялық жобаларға ақша салу туралы жарияланымдар орналастырып отырған.
Қызығушылық танытқан азаматтармен бейнеқоңырау арқылы байланысып, олардың сеніміне кірген. Өзін ресми түрде жұмыс істейтінін көрсету үшін тіпті нотариалды куәландырылған шарттар да жасасқан. Ол салымшыларға қысқа мерзімде ақшаларын үлкен пайдамен қайтарып беруді уәде еткен.
Уәдеге сенген жәбірленушілер оған қомақты ақша аударған. Алайда күдікті өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамай, алынған қаражатты өз қалауынша жұмсап жіберген. Қазіргі уақытта 11 жәбірленуші анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 35 млн теңгені құрайды, – делінген хабарламада.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Тегтер #Астана #тендер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz