Алматы облысында питбуль мен екі ротвейлер 11 жасар оқушыға шабуыл жасап, баланы ауыр жарақаттады. Қазіргі таңда ит иесіне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу мәліметтері бойынша, оқиға балалар футбол ойнап жүрген алаңда болған. Еркін жүрген иттер кенеттен шығып, 11 жасар Максимді бас салады. Салдарынан бала ауыр жарақаттар алды: оның құлағы жұлынып, аяғының сіңірлері жыртылған, сондай-ақ бас, бет және дене тұсына көптеген жаралар түскен. Балалардың айғайымен жеткен кездейсоқ өтіп бара жатқан адам ғана иттерді ажыратып үлгерген.
Шабуылдан кейін Максим реанимацияға түсіп, бірнеше күрделі ота жасалды. Алдағы уақытта оны тағы да бірнеше хирургиялық, оның ішінде пластикалық оталар күтіп тұр. Анасының айтуынша, басы мен денесіндегі тыртықтардан ұялған бала сыртқа шығуды қойған.
Қылмыстық іс бойынша айыпталушы орнында алкоголь және есірткі тәуелділігінен оңалту орталығының директоры, 66 жастағы Алмас Хамеев отыр. Оған абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол иттерінің қауіпті екенін біле тұра, оларды тиісті түрде ұстау тәртібін қамтамасыз етпеген.
Дегенмен, сотталушы өз кінәсін мойындамай отыр. Ол «баланың өзі иттерді мазалап, шабуылға себепкер болды» деп сендіруде.
Бұған дейін жәбірленушінің анасы іс сотқа жетпей жабылып қалуы мүмкін деп алаңдағанымен, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған еді.
Максимнің отбасы сот арқылы 14,5 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп отыр: оның 4,5 миллионы – емделу мен оңалтуға, ал 10 миллионы – моральдық шығынды өтеуге арналған. Егер айыбы дәлелденсе, ит иесі ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тегтер #Алматы облысы #ит талау #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz