Жамбыл облысында мас күйінде көлік жүргізіп, полициядан қашқан жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды 24.kz.
Патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережесін бұзған Toyota Carina автокөлігін байқап, жүргізушіні тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда 33 жастағы тұрғын полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамай, көлікпен бой тасалауға тырысқан.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде жүргізуші көп ұзамай ұсталды. Тексеру барысында оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталып, медициналық куәландыру қорытындысымен расталды.
Жүргізушінің айтуынша, ол жұбайымен болған жанжалдан кейін ашуға беріліп, көлік тізгінін ұстаған. Сондай-ақ полицияның тоқтату туралы талабына бағынбай, қала көшелерімен қашып кетуге әрекет жасағанын түсіндірген.
Құқық бұзушыға көлікті мас күйінде басқарғаны және полиция қызметкерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды.
Сот шешімімен ер адам 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар оған 145 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізу ауыр жол-көлік оқиғаларына, соның ішінде адам өліміне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Тегтер #мас жүргізуші #Жамбыл облысы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz