RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Ұлытауда көрші ауылдың 165 қойын сатып жіберген малшы ұсталды

10.08.2026, 12:06 44

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында мал бағуға жалданған ер адамның көрші қыстақтағы 165 бас қойды заңсыз иемденіп, басқа өңірге сатып жібермек болғаны анықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Полицияның мәліметінше, күдікті көрші қыстақтағы қойларды өз қорасына айдап әкеліп, өзін олардың заңды иесі ретінде көрсеткен. Кейін ол ештеңеден күдіктенбеген сатып алушылармен келісіп, 165 қойды жүк көлігіне тиеп, басқа өңірге жөнелткен.

Мал иесі отарындағы қойлардың түгел еместігін байқап, полицияға хабарласқан.

Жаңаарқа аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, малдың Жамбыл облысына жөнелтілгенін анықтаған.

Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, Тараздағы мал базарынан қойларды сатып алған азаматтарды анықтады. 

Нәтижесінде 165 қойдың барлығы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция азаматтарға мал сатып алар кезде оның заңды тиесілігін растайтын құжаттарды, ветеринариялық анықтамаларды және басқа да қажетті құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, заңды түрде рәсімделмеген малды сатып алу мүліктік шығынға ғана емес, құқықтық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz