Павлодар қаласында жаңа туған қыз баланы 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Сотта анықталғандай, 2002 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты жүкті кезінде әлі туылмаған баласын сатуды жоспарлаған. Ол «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы сатып алушы тауып, нәрестені 800 000 теңгеге сатуға келіскен.
2026 жылы 28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Қала прокуратурасының үйлестіруімен өткізілген жедел-іздестіру шаралары барысында бұл қылмыстық әрекет әшкереленді. Сатып алушы рөлін атқарған тұлғаға нөмірлері алдын ала тіркелген ақша қаражаты берілді.
2026 жылғы 31 наурызда Павлодардағы пәтерлердің бірінде сотталған әйел жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырып, 100 000 теңге көлемінде сыйақы алған сәтте ұсталды.
Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы негізінде тағайындалған жазаны өтеу 5 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.
Тегтер #бала сату #Павлодар #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz