Өскеменде полицейлер 25 жастағы жергілікті тұрғынның бірнеше қылмысқа қатысы барын анықтады, деп хабарлайды 24KZ полиция мәліметіне сілтеме жасап.
Күдікті екі автокөлікті заңсыз иемденіп, кейін олардың бірін металлоломға өткізген. Сондай-ақ оның есірткіге масаң күйде көлік басқарғаны белгілі болды
Полиция мәліметінше, алғашқы оқиға тұрғын үй ауласында ұзақ уақыт тұрған Mazda Cronos көлігіне қатысты болған. Күдіктінің автокөлікке ешқандай заңды құқығы болмаған. Соған қарамастан, ол мобильді қосымша арқылы эвакуатор шақырып, көлікті алып кеткен. Кейін ер адам автокөлікті металлолом қабылдайтын орынға өткізіп, одан 35 мың теңге алған. Осылайша көлік иесіне шамамен 1 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Арада бір апта өткен соң күдікті тағы да заңсыз әрекетке барған. Қонақта болған кезде ол кіреберісте тұрған Lada 21703 көлігінің кілтін байқап, оны иемденіп, автокөлікті рұқсатсыз айдап кеткен. Көп ұзамай патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің көлік басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды.
Сонымен қатар медициналық куәландыру кезінде оның ағзасынан каннабиноидтар табылған. Осылайша күдіктінің есірткіге масаң күйде көлік басқарғаны расталды.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену және көлік құралын масаң күйде басқару қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды өзгенің мүлкіне ұқыпты қарауға және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Тегтер #Өскемен #ұрлық #көлік #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz