Telegram-дағы "жеңіл жұмыс" туралы хабарландыруға сенген 20 жастағы елордалық тұрғын алаяқтық схемаға араласып, Петропавлдағы үш тұрғынды алдау ісіне қатысқан. Сот оның кінәсін дәлелдеп, 3 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды 24KZ.
Полицияның мәліметінше, қылмыскерлер қарт адамдарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде телефон соғып, олардың туыстары – немересі, қызы немесе жұбайы жол-көлік оқиғасына кінәлі болғанын айтқан. Олар қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін ақша төлеу керек деп сендірген.
Алаяқтарға сенген азаматтар қолдарындағы барлық қолма-қол ақшасын беруге келіскен. Келтірілген шығын көлемі 1 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін болған.
Жәбірленушілер ақшаны қылмыстық схемаға қатысы барын білмеген такси жүргізушілері арқылы «сәлемдеме» түрінде жіберген. Алайда бұл «сәлемдемелерді» қабылдап, келесі курьерге жеткізу үшін алаяқтарға көмекші қажет болған.
Олардың қатарында Telegram мессенджерінен «жеңіл жұмыс» тауып, жәбірленушілерді алдауға қатысу үшін Петропавлға келген 20 жастағы елорда тұрғыны болған.
Өткен жылдың 8 және 9 қыркүйегінде ол үш «сәлемдемені» қабылдап, оларды алдын ала келісілген орындарға – бұталардың арасына және қоқыс жәшігіне жасырған.
Полицияға алғашқы арыздар түскеннен кейін жедел қызметкерлер күдіктінің кім екенін анықтап, елордалық жас жігітті ұстаған.
Тергеу барысында жиналған дәлелдер оның кінәсін сотта толық дәлелдеуге мүмкіндік берген.
Сот шешімімен алаяқтарға көмектескен азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол келтірілген шығынның бір бөлігін өтеуге міндеттелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Полиция «жеңіл ақша» табудың соңы құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Тегтер #полиция #алаяқтық #курьер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz