RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Сот жетім баланың тұрғын үй кезегіндегі құқығын қалпына келтірді

17.08.2026, 09:58 34

Қазақстанда сот балалар үйінде тәрбиеленген азаматтың тұрғын үй кезегіндегі құқығын қалпына келтірді, деп хабарлайды 24KZ ҚР Жоғарғы сотына сілтеме жасап.

2008 жылы Павлодар облысының ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұрғыны Б. балалар үйіне орналастырылған. Алайда ол «жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекке тек 2014 жылы қойылған.

2023 жылы уәкілетті орган Б.-ны басқа елді мекенге тұрақты тұруға кеткенін негізге алып, тұрғын үй кезегінен шығарған. Кейін азамат бірнеше рет шағымданған. Нәтижесінде ол кезекке бастапқы тіркелген күні, яғни 2014 жылдан бастап қайта қойылған.

Бұл шешіммен келіспеген Б. сотқа жүгініп, тұрғын үй кезегіне 2008 жылдан бастап тіркеу құқығын тануды сұраған.

Сот ісін қарау барысында азаматтың кезекке уақытында енгізілмеуіне қорғаншылық функцияларын жүзеге асыратын органдар мен ұйымдардың өз міндеттерін тиісінше орындамауы себеп болғаны анықталды. Сот талап қоюшының кеш тіркелуіне оның кінәсі жоқ екенін атап өтті. Кәмелетке толмағандықтан, ол өз тұрғын үй құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмаған.

Сонымен қатар Б. тәрбиеленген балалар үйінің қазіргі уақытта таратылғаны белгілі болды. Ал уәкілетті орган оның балалар үйіне орналастырылғанына қатысты істің мән-жайына құқықтық баға беруге мүмкіндік беретін дәлелдерді ұсынбаған.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, кезекке қойылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін кезек тізімінен шығарылмауға тиіс.

Сот лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері азаматтың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққанын анықтады.

Осыған байланысты сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін және жекелеген лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерін танып, Б.-ның балалар үйіне орналастырылған күннен бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға қатысты тұрғын үй құқықтарын қалпына келтірді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz