Қарағанды облысының Жаңатоған ауылында дала өртін сөндіру кезінде екі адам зардап шекті.
Бірінің денесін 10 пайыз, екіншісін 20 пайыз күйік шалған. Екеуі де Қарағанды қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жағдайлары тұрақты. Өткен тәулікте облыс аумағында 1334 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді. Тілсіз жау әсіресе Жаңатоған ауылына қауіп төндірген еді. Облыстың Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарындағы 6 аумақта құтқарушылар әлі де өртті оқшаулау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар таулы жердегі қалың жыңғыл және қатты жел өртпен күресті қиындатып отырғанын айтып жатыр. Әуеден тексеру кезінде жаңа өрт ошақтары анықталған жоқ. Ауылдарға қауіп төнбейді. Табиғи өртті сөндіру және елді мекендерді қорғау үшін облыс бойынша 620 құтқарушы мен 134 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды.
Еркін Отарғалымұлы, ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазіргі таңда облыс аумағында дала өрттермен жағдай тұрақты. Бақылауда алты дала өрті тұр. Негізгі өрттің ошағы 4 ауданның шекаралас аумағында, Қызылтау және Қызылтас таулары аумағында жүріп жатыр. Қазіргі таңда жағдайды бақылау үшін әуеде «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағы барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тегтер #дала өрті #зардап шеккендер #Қарағанды облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz