RU
Толық нұсқаға өту
Фото: видеодан алынған кадр

Марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы сотта сөз сөйлеп, көз жасына ерік берді

20.08.2026, 15:01 27

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова қызының өліміне қатысты сот отырысында сөз сөйлеп, оның соңғы қоңырауын еске алды, деп хабарлайды 24KZ.

Сәлима Омарова 8 қарашада қызымен видеобайланыс арқылы сөйлескенін айтты. Сол кезде ол дүкенге азық-түлік алуға асығып бара жатқан. Қызы шақыртуға келгенін, жұмысын аяқтаған соң қайта хабарласатынын айтқан.

Дүкенге кіріп, кассаға жақындағанымда, 15 минуттың ішінде құдағиым маған бірнеше рет қоңырау шалды. Сол сәтте сатушы кейінірек есептесуге болатынын айтып, қоңырауға жауап беруімді сұрады. Құдағидың дауысынан қобалжып тұрғанын сездім. Қызым алыста болғандықтан, кез келген ана алаңдайды. Құдағидан: "Бәрі тыныш па, бәрі жақсы ма?" деп сұрадым. Ол "Ұлдананың үстіне қабырға құлап кетті" деді», – деді Сәлима Омарова.

Анасы бастапқыда Ұлдананың үстіне дүкендегі сөре құлады деп ойлаған. Алайда көп ұзамай оған үлкен қызы хабарласып, Астанаға шұғыл ұшып бару керектігін айтқан.

Құдағидың соңынан үлкен қызым хабарласып, ауруханаға тезірек келуімді айтты. Абдырап дүкенде отырып қалдым. Жан-жағымдағы адамдар су әкеліп, ес жинадым. Дереу үйге келіп, таксимен шығып кеттім. Ұшаққа билет алып, кешкі 8 шамасында бірден ауруханаға жеттік, – деді Сәлима Омарова.

Елордада аурухана маңында Сәлима Омарованы балаларымен бірге Әділет және оның туыстары қарсы алған. Ол кезде қызына операция жасалып жатқан.

Қызымның жағдайы осындай болады деп үш ұйықтасам да ойламадым. Мен "қызым, қайта хабарласам дедің ғой" деп айтқым келді, ол мені естімей жатқанын білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді, – деді марқұмның анасы көз жасына ерік беріп.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz