Алматыда 13 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шығып, бір адам қаза тапты. Тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «24KZ».
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше өрт 23 тамыз күні сағат 22:49-да Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінде болған. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері бес минуттан кейін оқиға орнына жеткен.
Құтқарушылар екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарында кабельдердің, сондай-ақ бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандарының жанғанын анықтады.
Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді.
Құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, баспалдақ арқылы 148 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Өртті сөндіруге Алматы қаласы ТЖД-ның шамамен 90 қызметкері мен 25 арнайы техникасы жұмылдырылды.
ТЖД мәліметінше, өрттің өршуіне оның кеш хабарлануы себеп болуы мүмкін. Алдын ала ақпарат бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындар өрт туралы құтқару қызметіне дер кезінде хабарламаған.
Бұған дейін өрт-техникалық тексеру барысында анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарын жою жөнінде жауапты тұлғаларға нұсқама берілген.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Алматы #өртPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz