RU
Толық нұсқаға өту
фото: depositphotos.com

150 мың фишинг SMS: Қазақстандықтардың жеке деректерін ұрламақ болған қылмыстық топ ұсталды

24.08.2026, 15:11 35

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың жеке және банк деректерін иемдену мақсатында фишинг хабарламаларын жаппай таратқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды 24KZ.

Тергеу мәліметінше, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстанда заңсыз әрекетті ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақыға тартқан. Кейін Астана қаласында арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен өзге адамдар да қылмыстық схемаға қосылған.

Күдіктілер SMS-бластер деп аталатын құрылғыны пайдаланған. Ол ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялап, операторлардың сүзгілеу жүйесін айналып өтіп, көп мөлшерде SMS жіберуге мүмкіндік береді.

Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан шамамен 150 мың жалған SMS жіберілген. Хабарламаларда бонустарды айырбастау туралы ұсыныс көрсетілген.

Сілтемеге өткен қолданушылар жалған сайтқа бағытталып, онда олардан жеке және банк деректерін, оның ішінде төлем картасының деректемелерін, CVV-кодты және SMS арқылы келетін растау кодын енгізу сұралған. Осылайша күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен банк шоттарындағы қаражатына қол жеткізген, деп жазды ҚМА.

Тергеу кезінде тәркіленген SMS-бластер ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құрал екені анықталды.

Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 399-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz