Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз заңсыз кәсіпкерлік пен микроқаржылық қызметпен айналысқан азамат 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржы мониторингі агенттігінің СҚО бойынша департаменті бұл іс бойынша заңсыз қарыз берудің 78 дерегін анықтады. Тергеу барысында анықталғандай, ақша алғандар – көбіне банктен несие ала алмайтын, қаржыға аса мұқтаж азаматтар болған.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті бұл қылмыстық әрекетті жүзеге асыру үшін екі түрлі айла-шарғы қолданған. Бірінші жағдайда нотариус арқылы нақты талаптары көрсетілмеген қарыз шарты рәсімделіп, оған негізгі борыш пен бүкіл кезеңге есептелген пайыздар қосып жазылған және мүлік кепілге қойылған.
Екінші жағдайда қарыз беру дерегі сатып алу-сату шарты ретінде бүркемеленіп, мүлік іс жүзінде ақша төленбей-ақ тек қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған, ал қаражат қайтарылғаннан кейін ғана шарт бұзылып отырған.
Осылайша азаматтық-құқықтық мәмілелер түрінде жүйелі түрде жүзеге асырылған заңсыз қызметтің нәтижесінде 774 миллион теңге көлемінде қылмыстық табыс алынған. Аталған қаражатқа қымбат активтер сатып алынғаны анықталып, сот үкімімен мемлекет кірісіне 6 пәтер, «Toyota RAV4» автокөлігі, «Kawasaki KLX250» мотоциклі және құны 280 миллион теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді.
Тегтер #СҚО #микроқаржы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz