RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ арқылы жасалған

Павлодарда алты жұмысшының өліміне жұмыс беруші кінәлі деп танылды

02.09.2026, 12:44 38

Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де алты жұмысшының қаза болуына қатысты арнайы тексеру аяқталды. Комиссия жұмыс берушінің кінәсін 100% деп белгіледі, деп хабарлайды 24KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланып қалғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге тырысқан әріптестері де кезекпен құдыққа түскен. Соның салдарынан алты жұмысшы күкіртсутегінен уланып, қаза тапты.

Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін анықтады. Бұдан бөлек, олар қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмеген.

Кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде де қауіпсіздік талаптары толық сақталмаған. Атап айтқанда, апат болған жағдайда әрекет ету және адамдарды құтқару тәртібі қарастырылмаған. 

Арнайы тексеру қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды жою және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша ұсынымдар әзірленді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді қауіптілігі жоғары жұмыстарды, соның ішінде құдықтарда, резервуарларда және басқа да жабық кеңістіктерде атқарылатын жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыруға шақырды.

Министрлік жұмысшыларды қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, қауіпсіздік талаптары бойынша оқытуға және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерге дайындауға ерекше назар аударуды ескертті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz