Батыс Қазақстан облысында ғарыштық мониторинг арқылы пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру белгілері бар 195 учаске анықталды. Бұл туралы облыс прокуратурасында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылық мәселелері қаралған алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды «24KZ».
Талдау барысында кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру, тиісті экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеу, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық және келісімшарттық міндеттемелерді орындамау фактілері анықталған.
Прокуратураның қадағалау қызметі аясында төрт заңсыз процестік шешімнің күші жойылып, қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру фактісі анықталған.
Бұдан бөлек, 26 жер қойнауын пайдаланушыда пайдалы қазбаларды өндіру және өткізу көлемдері арасында сәйкессіздік болған.
Отырыста сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезіндегі кемшіліктерге, мемлекетке келтірілген залалды өтеуге және жер қойнауын пайдалану салдарынан бүлінген жерлерді рекультивациялауға ерекше назар аударылды.
Алқа қорытындысы бойынша уәкілетті және құқық қорғау органдарына анықталған заң бұзушылықтарды жою және жер қойнауын пайдалану саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Олардың орындалуын облыс прокуратурасы бақылауға алды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #БҚО
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz