RU
Толық нұсқаға өту
depositphotos.com

Астанада тапсырыспен жиһаз жасаймыз деп ақша жинаған екі алаяқ 6 жылға сотталды

07.09.2026, 09:39 39

Астанада әлеуметтік желі арқылы тапсырыспен жиһаз жасауды уәде етіп, азаматтарды алдаған екі алаяқ 6 жылға сотталды. Олардың заңсыз әрекетінен 19 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын 24,6 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды «24KZ».

Қылмыскерлер Instagram желісінде жиһаз дайындау туралы жарнама жариялап, клиенттерді өздеріне тартқан. Мысалы, жәбірленушілердің бірі әлеуметтік желідегі жарнама арқылы байланысқа шығып, маман келіп өлшем алғаннан кейін 4,5 миллион теңге көлеміндегі қаражатты аударып жіберген. Ақшаны алғаннан кейін күдіктілер байланысқа шығуды мүлде тоқтатқан.

 Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді ұсынды. Сот үкімімен олардың әрқайсысы 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, сондай-ақ коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырылды.

Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылып, келтірілген залал сотталушылардан өндіріп алынатын болды.

Осыған байланысты прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады. Ақшалай қаражатты қолма-қол немесе жазбаша шарт жасаспай жеке банк картасына аударуға болмайды, төлемді растайтын чек пен құжаттарды міндетті түрде талап ету қажет. Сондай-ақ шартта жиһаздың өлшемдері мен материалдарын, бағасын, дайындау және орнату мерзімдерін, сондай-ақ мерзімін өткізіп алғаны үшін жауаптылықты нақты көрсету маңызды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz