Алматыда «Olymp Casino», «Rukh Poker» және «7Kcasino» сияқты ірі интернет-казинолардың төлем жүйесін қамтамасыз етіп келген қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу деректері көрсеткендей, күдіктілер «Rocket.do» онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жұмыстарын ұйымдастырған. Бұл заңсыз схеманы жүзеге асыруға шетел азаматы да қатысқан.
Олар әрбір шот иесіне 200 АҚШ долларына дейін сыйақы төлеу арқылы өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.
Ол тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ХҚКО-ға ертіп барып ЖСН рәсімдеткен, содан кейін банк бөлімшелерінде шот аштырған. Осылайша күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізіп, сондай-ақ өзінің де шотын пайдалануға берген.
Ойыншылардан осы 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта қылмыстық іске қатысты тергеу аяқталып, сотқа жолданды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал қалған үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz