Алматыда бір кезекшілік кезінде магнит жұтып қойған үш балаға шұғыл ота жасалды, деп хабарлайды 24KZ.
Алдымен Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына іші ауырған екі жастағы бала жеткізілген. Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан бөгде заттар анықталып, дәрігерлер шұғыл операция жасаған. Ота кезінде баланың ішінен 25 магнит алынған.
Бірнеше сағаттан кейін ауруханаға 2,5 жастағы тағы бір бала түскен. Ата-анасы баланың құсып, іші ауырғанын айтқан. Тексеруден соң кішкентай науқасқа да шұғыл ота жасалып, хирургтер 9 магнитті алып шыққан. Операциядан кейін бала ауруханада 10 күн ем қабылдаған.
Ең күрделі жағдай таңға жуық болған. Ауруханаға төрт жасқа толмаған бала ауыр жағдайда жеткізілген. Оның іші қатты ауырып, әлсіздік пен құсу белгілері болған. Тексеру нәтижесінде асқазан-ішек жолында көптеген бөгде зат бары анықталған. Дәрігерлер оның жіңішке ішегінен 59 магнит алған. Қауіпті заттар ішек қабырғасын зақымдап, тіпті тесіп үлгерген.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек орталығына магнит жұтып қойған 15 бала түскен.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #магнит #ота #балаларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz