Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға ескерту жасады. Алаяқтар ҚМА атынан мемлекеттік органдар мен азаматтарға жалған ресми хаттар жолдап, жеке және банк деректерін иемденуге әрекеттеніп жатыр., Бұл туралы ҚМА Ресми өкілі Ернар Тайжан мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қаржылық мониторинг агенттігіне алаяқтар таратқан кезекті жалған хат туралы ақпарат келіп түсті. Қаскөйлер мемлекеттік органға жолдаған құжатта тексеру жүргізіліп жатқанын айтып, азамат туралы түрлі мәліметтерді, оның ішінде мінездемесі мен басқа да ақпаратты сұратқан.
Агенттіктің мәліметінше, бұл – алаяқтар қолданып жүрген тәсілдердің бірі. Жалған хатты алғаннан кейін олар азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкері ретінде таныстырады. Осылайша жеке және банк деректерін алуға немесе ақша аударуға мәжбүрлеуге тырысады.
Агенттіктің ресми хаттары тек белгіленген тәртіппен жолданады. ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Сондай-ақ ол құжатта мемлекеттік органның логотипі, мөрі немесе қолтаңбасының болуы оның түпнұсқалығына кепілдік бермейтінін ескертті. Күмәнді хат алған жағдайда оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.
Азаматтарға бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермеу, сондай-ақ олардың нұсқауымен ақша аудармау ескертіледі.
Күмән туындаған жағдайда ҚМА-нің 1458 Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 нөмірі арқылы Кезекші бөлімге хабарласуға болады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ҚМАPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz