RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚМА

Жоқ малға субсидия алған: Түркістан облысында 103 млн теңгелік схема әшкере болды

16.09.2026, 09:50 54

Түркістан облысында 103 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз иемденді деген күдікке ілінген топқа қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Оның мәліметінше, күдіктілер ауыл шаруашылығы жануарлары мен асылдандыру жұмыстары туралы жалған мәлімет енгізіп, сол арқылы бюджеттен субсидия алған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз схемаға үшінші тұлғалардың атына тіркелген төрт жеке кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ «Нұр-Келес» және «Бимен С.» ЖШС-лері пайдаланылған.

Кәсіпкерлік нысандары іс жүзінде күдіктілердің бақылауында болған. Олар электрондық цифрлық қолтаңбаларды, мөрлерді және банк шоттарын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттарды пайдаланған.

Аталған кәсіпкерлік субъектілері арқылы ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, олардың қолда бары және асылдандыру жұмыстары жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Осы мәліметтердің негізінде мемлекеттік субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген, – деді Ернар Тайжан.

Агенттік мәліметінше, бюджеттен алынған қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.

Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы көлемі 103 млн теңгені құрады.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында екі тұрғын үй, төрт автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.
Күдіктілердің біреуі қамауға алынған, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мән-жайлары жария етілмейді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz