Қазақстанда аса ірі мөлшерде есірткі өндіріп, таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ресейден елге экстрадицияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен Ресей Федерациясынан Қазақстан азаматы жеткізілді. Ол қылмыстық топтың құрамында бола отырып, Теміртау қаласында психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өндіруді ұйымдастырған. Кейіннен дайындалған есірткі мен сол тектестер Қарағанды облысының аумағында таратылып отырған.
Қылмыстық әрекет нәтижесінде алынған заңсыз кірістерді қылмыскерлер түрлі қаржылық операциялар арқылы жылыстатқан. Атап айтқанда, криптообменниктерді пайдалану арқылы 1,8 млрд теңгеден астам қаржы, ал жылжымайтын мүлік, бизнес объектілері мен көлік құралдарын сатып алу арқылы 600 млн теңгеден астам қаражат заңдастырылған.
Аталған активтерді мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында оларға тыйым салынды. Сондай-ақ қылмыстық топ мүшелерінен 10 килограмға жуық мефедрон тәркіленді.
Қазіргі уақытта топтың жекелеген мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. Ал қылмыстық қудалау органдарынан жасырынуына байланысты халықаралық іздеуге жарияланған күдікті өткен жылдың қазан айында Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Бүгінгі күні ол тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен қатар, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Тегтер #Теміртау #есірткі #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz