RU
Толық нұсқаға өту
POLISIA.KZ

2 тонна мефедрон өндіруге арналған ірі зертхана жойылды

01.10.2026, 10:31 67

Қарағанды облысында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің аумағында есірткі мен психотроптық заттарды аса ірі көлемде дайындап, кейіннен заңсыз өткізуді көздеген. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталды.

Анықталғандай, үлкен жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастырушылық мәселелерін басқарып, жаңа қатысушыларды тартып, үйлестірумен айналысқан. Ал екінші күдікті зертхананың тікелей жұмысын ұйымдастырып, сыбайластарына есірткі дайындау тәсілдерін үйреткен.

Зертхана орналасқан аумақты тінту барысында ауқымды өнеркәсіптік құрылғылар мен химиялық заттар тәркіленді. Сыйымдылығы 50 тонналық өнеркәсіптік цистерна (ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған). Көлемі 1 тонна болатын екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап.

Қарағанды облысы ПД бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, өнеркәсіптік цистернадан алынған 10 литр сынаманың сараптамасы оның құрамында мефедрон бар екенін көрсетті. Зерттелген үлгідегі таза есірткі затының салмағы 1 килограмнан асып түскен.

Құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі есірткі партиясы заңсыз айналымға түспей тұрып, ауқымды есірткі өндірісінің жолын кесті, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Мамандардың алдын ала есептеуі бойынша, табылған шикізат пен дайын өнім көлемі 2 тоннаға дейін мефедрон алуға жеткілікті еді. Бұл қара нарықта шамамен 2 миллион бір реттік дозаны құрайды. Заңсыз айналымға түскен жағдайда бұл партия миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп, қара нарықтағы бағасы 40 миллиард теңгеге бағаланар еді.

Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда. Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, шикізаттың жеткізілу арналары мен трансұлттық топтың өзге де қатысушылары анықталып жатыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz