Ақмола облысының тұрғыны әлеуметтік желіде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін, 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Тергеу мәліметтері бойынша, ол Instagram желісінде арнайы аккаунт ашып, жыл бойы тікелей эфир арқылы құмар ойындар өткізіп келген. Ойынға қатысушылар 100 бен 2100 теңге аралығында ұтыс тігіп отырған. Әр ойын 4 адамның қатысуымен өтіп, ең жоғары карта иегері жеңімпаз атанған. Ал ұйымдастырушы әр ойыннан өз пайызын ұстап отырған.
Тергеу барысында анықталғандай, заңсыз жолмен тапқан қылмыстық кірістің жалпы сомасы 90,6 миллион теңгеден асқан.
Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде арнайы лицензиясыз кез келген құмар ойындар мен ұтыс тігулерді ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Мұндай әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тегтер #құмар ойын #лудомания #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz