Атыраудағы «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінде лифт құлады. «Алдын ала мәлімет бойынша, жеделсатыға артық салмақ түскен», - дейді жауаптылар. Лифтіде 4 адам болған, деп хабарлайды 24KZ.
Оның үшеуі ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер тексергеннен кейін үйіне жіберілді. Бір адам медициналық көмектен бас тартты. Аталған тұрғын үй кешенінде 7 жеделсатыны ауыстыру жоспарда болған көрінеді. Жалпы қалада 67 жеделсаты ескірген. Бүгінгі оқыс оқиғадан кейін Атыраудағы барлық жеделсатыны тексеру туралы шешім қабылданды.
Шаттық Смағұлова, қала тұрғыны:
– Осы оқиғаның алдында менің балаларым түсіп кеткен болатын. Содан кейін бірден «лифт құлады, ішіндегі адамдар кішкене зақым алды» деген хабар келді. Әрі қарай олардың жағдайы қалай болып жатқанын білмеймін. Екінші лифттің жағдайының өзі де қазір түскен кезде дырылдап, тіпті қоқынышты.
Еркеназ Қалижан, қалалық әкімдіктің ресми өкілі:
– Қазір Атырау қаласында 179 тұрғын үйде 567 жеделсаты жұмыс жасайды. Тұрғындардан келіп түскен өтініштер негізінде 67 жеделсатыны жөндеу қажеттілігі айқындалып отыр. Алайда республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты бұл жұмыстар әзірге басталмай тұр. «Гранд Атырау» тұрғын үй кешеніндегі 7 жеделсаты да осы терможаңғырту бағдарламасына енгізілген жеделсатылардың қатарына еніп тұр.
Тегтер #24KZ #Атырау #тұрғын үй кешені #лифт құлады #жеделсатыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz