Қызылорда облысында медициналық ұйымдардың қаражатты игеру барысында заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды. Өңірлік прокуратураның «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалында жүргізген талдауы нәтижесінде бірлесіп орындаушыларға шартта көрсетілген сомадан артық ақша аударылғаны белгілі болды. Жалпы есепте жеке клиникаларға негізсіз төленген қаражат көлемі 73 миллион теңгені құраған, деп хабарлайды «24KZ».
Атап айтқанда, бұл қаржылық заңбұзушылыққа «Жаңақорған орталық аудандық ауруханасы» мен «Арал орталық аудандық ауруханасы» жол берген. Мәліметтерге сәйкес, Жаңақорған аудандық ауруханасы 2023 жылы - 33,1 млн теңге, 2024 жылы - 6,6 млн теңге қаржы аударған. Сонымен қатар, Арал аудандық ауруханасы 2023 жылы - 13,8 млн теңге, 2024 жылы -18,6 млн теңге артық қаржы аударғаны анықталды.
Қадағалау органының ұсынысы мен сот шешімдерінің негізінде мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде қалпына келтіріліп, 73 миллион теңге бюджетке өндірілді. Сондай-ақ осы заңбұзушылыққа жол берген жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда мемлекеттік медициналық ұйымдардың бірлесіп орындаушылармен есеп айырысу заңдылығы облыс прокуратурасының қатаң бақылауында тұр.
Тегтер #Қызылорда облысы #Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz