Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Судья айыпталушыны 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды, деп хабарлайды «24KZ».
Қайғылы оқиға биыл 13 шілдеге қараған түні Абай облысы Бородулиха ауылында болған еді. Таңертең 20 жастағы бойжеткеннің денесі үйлердің бірінің маңынан табылды. Күдікті ретінде оның танысы ұсталып, кейін полиция бұл қылмыстың жеке бас араздық негізінде туындағанын хабарлаған болатын.
Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу мерзімі 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді Судья Нияз Хасенбаев.
Сот үкімімен қатар, сотталушыдан жәбірленуші тараптың (марқұмның туыстарының) пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы, 1 миллион теңгеден астам материалдық шығын және 500 мың теңге өкілдік қызмет шығындары өндірілетін болды.
Туыстары қылмыстың сипаты мен жаралардың ауырлығына қарамастан, соттың істі «аса қатігездікпен жасалған» деп қайта сараламағанына наразы. Прокурор сотталушыға 14 жыл 6 ай сұраса, судья 14 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл бап 8 бен 15 жыл аралығын көздейді. Прокурор 14 жыл 6 ай сұрады, судья 14 жыл берді. Мен жоғары тұрған органдарға жүгінемін, онда заңгерлермен әлі кеңесемін. Ол өмір үшін күрескен. Екі жерде күрес іздері болды, кейін ол оған сол жерде пышақпен соққылар жасаған, - деді марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан.
Процесс барысында сотталушы кінәсін тек ішінара мойындаған. Алайда жиналған айғақтар мен сараптамалар оның кінәсін толық дәлелдеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, тараптардың оны апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқығы бар.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz