Алматы қаласындағы Республикалық физико-математикалық мектептің интернатында оқитын тағы үш бала жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ауруханада жатқан оқушылардың жағдайы тұрақты.
Алматыдағы ауруханаға түскен балаларды барып көрдім. Барлығы 43 ұл және 5 қыз бала ем қабылдауда. Жаңа ғана тағы үш баланы әкелді. Олар РФМШ интернатында тұрады, еліміздің әр өңірінен келген. Жағдайлары тұрақты. Улану фактісі бойынша тексеру жүріп жатыр, – деп жазды Динара Зәкиева.
Бұған дейін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 12–13 қазан күндері Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына РФМШ-ның 48 оқушысы жеткізілгенін хабарлаған болатын.
Мектепте жүргізілген эпидемиологиялық тергеу барысында бірқатар санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Тексеру жұмыстары «Master Food» ЖШС ас блогында өнімдерді сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде өрескел қателіктер бар екенін көрсетті.
Нәтижесінде мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұру, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салу, уақытша санитарлық шаралар енгізу және тиісті құжаттары жоқ сүт өнімдерін айналымнан алу туралы қаулылар шығарылды. Сондай-ақ интернат ғимаратында дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.
Елімізде оқу орындарындағы тамақтандыру қауіпсіздігі әлі де өткір тұрған мәселелердің бірі. Мұндай келеңсіз оқиғалар бұған дейін де тіркелген болатын.
Осыған орай, биыл 1 ақпаннан бастап Қазақстанда барлық білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігі мен тамақтануын бақылау мақсатында «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше қадағалау енгізілгені белгілі.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #РФМШ #жаппай улану #Динара ЗәкиеваPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz