Солтүстік Қазақстан облысында екі жүк көлігі мен үш жеңіл автокөлік соқтығысып, үш адам көз жұмды. Олар Жамбыл ауданының балабақша меңгерушісі мен екі тәрбиешісі екені анықталды. Оқиға Тайынша ауданының Кременчук ауылының маңында болған. Жолда үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысқан. Салдарынан Audi жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды. Осы көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды 24KZ.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
– Қолда бар ақпаратқа сәйкес, олардың сапарлары жұмыстарына байланысты болмаған. Жеке сапарлары болған. Жол-көлік оқиғасында қайтыс болғандардың бірі – балабақша директоры, екеуі –тәрбиеші. Ал ауруханада жатқандардың бірі – балабақша тәрбиешісі.
Гүлнәр Қалиева, Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
– 20 жастағы жүргізушінің жағдайы тұрақты. Ол хирургиялық бөлімде ем қабылдап жатыр. Оған бас-ми шайқалуы және бір жақ өкпесінің зақымдануы диагноздары қойылды. Екінші науқасқа, әйел адамға, күрделі ота жасалды. Себебі оның бас-ми жарақаты тіркелген, бас миы шайқалған. Сонымен қатар ішкі ағзаларына үлкен зақым келген. Ота бірнеше сағатқа созылды. Қазіргі таңда оның жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Ол жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Тегтер #СҚО #жол апаты #қаза болғандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz