RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Семейде нәрестені қоқыс жәшігіне тастаған ер адам өмір бойына сотталды

16.10.2026, 10:19 46

Абай облысында жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастап кеткен анасы амнистияға ілініп, жазадан босатылды. Ал сәбиді көлікпен апарып, қоқыс жәшігіне қалдырған оның жігіті өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24KZ Arnapress.kz-ке сілтеме жасап.

Ақпан айында Семейдегі қоқыс жәшігінен сүлгіге оралған нәрестенің мәйіті табылған. Полиция үйінде жасырын босанған 20 жастағы қызды анықтады. Іс бойынша оның жігіті де айыпталды. Сот материалдарына сәйкес, ер адам сәбиді көлікпен апарып, қоқыс жәшігіне тастаған.

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баланың анасын Қылмыстық кодекстің 100-бабы, яғни «Ананың жаңа туған баласын өлтіру» бойынша кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Алайда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, ол жазадан босатылды. Сондай-ақ полицияның кіші сержанты арнайы атағынан айырылды.

Ал 2000 жылы туған ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі, яғни «Кәмелетке толмаған адамды өлтіру» бойынша кінәлі деп танылып, төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол полицияның аға лейтенанты арнайы атағынан да айырылды.

Сотта екі айыпталушы да өздеріне тағылған айыпты мойындамағаны айтылды.

Алайда сот олардың кінәсі іс материалдарында жинақталған дәлелдер жиынтығымен расталады деген қорытындыға келді. Іс бойынша SMS-хабарламалар, WhatsApp желісіндегі хат алмасулар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде алынған айғақтар, сот сараптамаларының қорытындылары және сарапшылардың сотта берген жауаптары зерттелді. Сотта қаралған сараптама деректеріне сәйкес, сәби туған кезде тірі болған. Біраз уақыттан кейін суықтың әсерінен қайтыс болған, – деді судья үкімді жариялау кезінде.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz