Астанада әлеуметтік осал топтарға берілетін 170 пәтерді тартып алмақ болған тұрғын үй-құрылыс кооперативінің басшысы мен сыбайластары әшкереленді, деп хабарлайды «24KZ».
Сонымен қатар бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды. Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша жеке тергеу басталды. Қазіргі уақытта іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды. Сондай-ақ күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырудың қылмыстық жолын ұйымдастырған. Осы қылмысы үшін ол 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Кейін Астана қаласы әкімдігінің қатысуымен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Бұл пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік жағынан осал топтағы өзге де азаматтарға берілуге тиіс еді. Алайда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін А. Байжұманов сыбайластарымен бірге аталған баспаналарды иемденудің жаңа айласын ойластырған.
Ол үшін шын мәнінде үлескер болмаған және пәтер сатып алмаған азаматтардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар жасалып, құжаттар өткен күнмен рәсімделген. Осы жалған үлескерлердің атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық жасалғаны туралы арыздар беріліп, қылмыстық істер қозғалған. Қылмыстық топ сот шешімдерін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеуді, кейін оларды өзге адамдарға сатып, түскен ақшаны өзара бөлісуді көздеген.
Тергеу барысында бұл қылмыстық әрекетке 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған. Осылайша, жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.
Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына нақты міндет жүктелген: бірі жалған үлескерлерді тауып, олардың атына құжаттар рәсімдесе, енді бірі сол шарттарды өзге азаматтарға сатып, қылмыстық істердің жүргізілуіне ықпал еткен. Мұның соңы кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттарды сатып алған азаматтарға 400 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен үлестік құрылысқа қатысу туралы жалған шарттар арқылы пәтерлерді заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық процеске қатысушы тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Тегтер #ҚМА #Астана #алаяқтық схема #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz