RU
Толық нұсқаға өту
кадр бейнежазбадан

Қағаз жүзіндегі инновациялық макарон: Мемлекет ақшасын талан-таражға салғандар әшкереленді

12.11.2026, 10:32 21

Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландыруға бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру дерегі әшкереленді, деп хабарлайды «24KZ». ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті мен прокуратура «Ғылым қоры» АҚ бөлген ақшаны талан-таражға салған «Bal halal» ЖШС директорына қатысты тергеуді аяқтады.

2023–2024 жылдары «Bal halal» ЖШС төрт жобаны іске асыру үшін 1,15 млрд теңге қаржы алған. Бұл жобалар аясында өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіру көзделген.
Бөлінген қаржыға құрал-жабдық сатып алу, өндірістік орынжайларды дайындау, шикізат пен қажетті бөлшектерді алу, жабдықтарды орнату, жөндеу жұмыстарын жүргізу және дайын өнім шығаруды жолға қою жоспарланған.

Тергеу кезінде сатып алынған жабдықтардың жобаларда көрсетілген өнімдерді өндіруге жарамайтыны анықталды. Қаражатты заңсыз шығару үшін күдіктімен байланысы бар адамдардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Жабдық сатып алу мен түрлі қызметтердің ақысын төлеу деген желеумен осы компанияның есепшоттарына 736,4 млн теңге аударылған. Бұдан бөлек, бұл іске «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС-тері мен «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі және басқа да кәсіпкерлік субъектілері қатысқан, - делінген Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында. 


Жобалардың іске асырылуын қадағалау да қағаз жүзінде ғана жүргізілген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай, атқарылған жұмыстарды тексермей жасалған. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері әзірлеп, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша мемлекет қаржысының жұмсалуы тиісті деңгейде қадағаланып жатқандай көрініс жасалған.

Тергеу дерегінше, күдікті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 млн теңгесін заңдастыру мақсатында «Bal halal» ЖШС-нің банк есепшоттарына қолма-қол енгізген. Бұл ақшаны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан өз қаражаты ретінде көрсеткен. Салдарынан келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгеге жеткен.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сот санкциясымен жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 5 жер телімі, 4 автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық үй-жай және зергерлік бұйымдар бар.

Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz