Алматыда 5 адамның өмірін қиған жеке тұрғын үйдегі өрттің себебін тергеушілер анықтап жатыр. Қызыл жалынның құрбаны болғандар бұл үйді бірнеше жылдан бері жалдап тұрған. Қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды 24KZ.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Қазір Вахтангов көшесі екі жағынан қоршауға алынған. Мұнда тергеп-тексеру жұмыстары жүруде. Сондықтан журналистер мен жергілікті тұрғындарды да кіргізбей жатыр. Қайғылы жағдайды бірінші болып түнде қарсы беттегі тұрғын үй кешенінің тұрғындары жоғарыдан байқап, өрт сөндірушілерді шақырған. Апаттан аман қалғандардың айтуынша, жеке үй бірнеше отбасыға жалға берілген. Олар өрт кезінде терезелерді сындырып, сыртқа шығып үлгерген.
Тұрғанбаевтар отбасының бұл жерді жалдап тұрып жатқандарына он жылдан асқан. «Өң мен түстің ортасында не болғанын түсініп те үлгермедік», – дейді олар. Оянған бетте қолдарына ілінген киімді алып, сыртқа қашқан.
Мирлан Тұрғанбаев, өрттен зардап шеккен тұрғын:
– 10 бөлме болған. Өзім сол жерде 10 жылдай тұрыппын. Өрт шыққан кезде түнгі сағат 04:00 шамасы еді. Әйелім мені оятып, терезеден түсіп, киініп, қашып шықтық. Өрт түнгі сағат 04:00-де басталған. Басталған кезде үй жанып жатқан екен. Соны ғана көріп қалдым да, қаштым.
Жалдамалы бөлмелердің көлемі 16 шаршы метр шамасында болған. Әр бөлмеде 3-4 адамнан қоныстанған екен. Бес тұрғын өрттен аман шыға алмаған. Көршілерінің айтуынша, қаза тапқандардың арасында төртінші сыныпта оқитын қыз бала бар.
Анар Тұрғанбаева, өрттен зардап шеккен тұрғын:
– Бізде ұзын дәліз, есіктер тек бір жағында орналасқан. Бірінші бөлмеде әйел екі қызымен тұратын. Бір қызды құтқара алмады. Келесі бөлмеде екі әйел тұратын, олар да көз жұмды. Одан кейінгі бөлмеде тұратын екі жігіт те қайтыс болды.
Бұл – аман қалғандардың болжамы. Полиция әзірге марқұмдардың жеке басы туралы мәліметті берген жоқ. Төтеншеліктер де тілсіз жаудың неден шыққанын әлі зерттейді. Ресми мәліметке сүйенсек, өрт сөндірушілерге шұғыл хабар түнгі сағат 03:44-те түскен. Олар төрт минуттан соң-ақ оқиға орнына жетіпті. Өкінішке қарай, бұл уақытта тұрғын үй толығымен отқа оранған екен. Отты сөндіруге шамамен бір сағат уақыт кеткен.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
– Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталуда.
Бостандық ауданы әкімдігінің қолдауымен өрттен зардап шеккен тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Оларға жойылған құжаттарын қалпына келтіруге көмек көрсетілуде. Сондай-ақ аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды мойнына алды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #24KZ #Алматы #қаза тапты #өрт оқиғасы #өрт сөндірушілерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz