RU
Толық нұсқаға өту

Сеулде алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы өтті

01.12.2024, 17:25 1384

Сеулде Корея Республикасы мен Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы форум өтті, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жиынға Қазақстан делегациясының құрамында Астана қаласы мен Түркістан облысы әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері қатысты.

Кореяның Қала мен провинциялар губернаторлары қауымдастығының бас хатшысы Ю Мин Бонның айтуынша, Орталық Азия елдерінде де қала мен ауыл арасындағы алшақтық үлкен, сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары. «Бұл форум серіктес елдердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге көмектеседі», – деді Ю Мин Бон.

Оңтүстік Кореяға сапар аясында Түркістан облысының делегациясы Канвон провинциясы мен Тэджон қаласына барды. Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайы қаралды.  Сондай-ақ Түркістан облысында пластик құбырларын шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

- Біз Түркістан облысында Вусонг университетінің филиалын ашу жобасын қарастырып жатырмыз. Осы университетттің, сондай-ақ Korail теміржол компаниясының өкілдерімен кездестік. Біз оларға осы университет базасында теміржолшыларды оқыту орталығын құруды ұсындық.

Ким Дэ Сик, Солтүстік Чолла провинциясы Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры:

- Оңтүстік Корея аймақтарында халық санының төмендеуі мен қартаюына байланысты жұмыс күші тапшылығы туындап отырған кезде Орталық Азиядан көбірек жұмысшылар келеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ бұл елдерден студенттердің Кореяда білім алуына жағдай жасап жатырмыз. Осылайша, Корея мен Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті бар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz