RU
Толық нұсқаға өту

Б.Уәли: Мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім

11.02.2025, 13:03 1234

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық бағыттарды белгілеп, желдің қай жақтан соғатынын, оған қарсы амалдарды санамалап айтып берді. Енді Үкімет осы міндеттерді орындауға бүкіл күш-жігерін жұмылдыруы керек. Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли осылай дейді.

Ол «Айқын» газетіне сұхбат беріп, биліктің биылғы міндеті мен мақсатын баяндады. Басылым бетінде алдағы отырыстардың жоспары да жазылған.

Сол жағалаудағы саяси қарбалас жыл сайын Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін басталады.

Бұл – Министрлер кабинетінің міндетін айқындап, бағыт-бағдарын белгілейтін жыл ашар жиын. Биыл да дәстүрден жаңылмай, елдің саяси элитасы Үкіметте бас қосты. Бұл жолғы кеңестің маңызы ауқымды. Берік Уәли сұхбатында: «Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр» деп, жаһан жұртшылығын алаңдатқан негізгі мәселелерге тоқталды. Осы сын сағаттан қазақтың атқамінерлері қазына қаржысын үнемдей отырып, табысты шығуға міндетті.

Цитата

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Әлемдегі түрлі сын-қатерлер елімізді барлық салада бетпе-бет келетін күрделі күрмеулерді дер кезінде, тіпті алдын ала шешіп отыруға міндеттейді. Шиырып айтқанда, көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиімділігін арттыру, артық шығынды болдырмауға баса мән беру керегін қадап айтты. Президент баяндамасының негізгі жүлгесі осыған саяды.

Ордалы отырыста Президент экономикалық өсімге көп тоқталды. Оның мәні – мынада. Шартарапты шайқалтып жатқан айтыс-тартыстың салдары мол, оған қараша куә. Ал Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. Сондықтан сауда тізбегіндегі түйіткіл бізге де әсер етеді. Демек, Президент пәрмені шекара сыртындағы шекісті ескере отырып берілген. Негізігі басымдық ел экономикасын әртараптандыруға салынды. Яғни, өндіріп қана қоймай, өңдеуші елдердің қатарына қосылу мақсаты тұр.

Цитата

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Ерекше назар аударатын дүние – ірі өнеркәсіп жобаларының іске асырылуы баяу жүріп жатқанын сынға алды. Оны елден шығарылған заңсыз активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін айтты. Үкіметке орта буындағы кәсіпорындар шоғырын қалыптастыру туралы тапсырма берді. Қазір әлемде көптеген ел тиімді пайдаланып отырған туризм саласынан да қаржы табуды жөн санайтынын жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды бастамалар бар. Екінші деңгейлі банктердің экономиканы қаржыландыруы тұрғысынан нақты міндеттер жүктеді.

Өңдеуді өндіріспен қатар алып жүру маңызды. Қазбалы байлық бағытындағы әлеуетімізді де табысты игеру керек. Сұхбатта қосымша құн салығын көтеруге қатысты ұсыныс та талқыланды. Қоғамның қызу талқысындағы бастамаға Президент ұстанымы белгілі. Мемлекет басшысы кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізу керек деп санайды.

Цитата

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Президент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, сарапшылар мен депутаттардың, яғни, барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керегін қадап айтты.

 

Инвестициялық штаб жұмысын президент тікелей бақылауында ұстап отыр

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тартуға да баса мән береді. Сол үшін Инвестициялық штаб құрып, инвесторды қорғай алатын қабілетке ие институтқа айналдыруды тапсырды. Берік Уәли: «Штабтың қызметін Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей бақылауында ұстап отыр», - деді. Президент шетелден қаржы тартуды негізгі міндет ретінде қарастырады. Өзі де былтыр жиырмадан астам мемлекетке барып, еліміздегі шешімін таппай жатқан салаларға қаражат тартуға тікелей бастамашы болды. Нәтижесінде БҰҰ Қазақстан экономикаға инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін мәлімдеді. Алайда оған тоқмейілсуге болмайды. Президент ұстанымы осындай.

Цитата

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Біріншіден, елімізде бюджет тапшылығы орын алып отыр. Инвестицияның азаюын бюджет есебінен өтеу қысқамерзімді ғана нәтиже беретінін тілге тиек етті. Сол себепті өңірлерге, Алматы қаласына құйылатын шетел инвестициясын арттыру міндеті қойылды. Үкіметтен барлық деңгейде, яғни, орталық болсын, ірі қалаларымыз болсын, өңірлеріміз болсын, инвестор әкелуге қолайлы жағдай жасайтын біртұтас экожүйе құру талап етіледі.

 

Қауіпсіздік кеңесінің алдағы отырысы көлік-транзит саласына арналады

Инвестиция тартатын тағы бір бағыт – сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу. Үкімет басшысы елімізде аталған бағытта 17 кен орны ашылғанын айтты. Әсіресе, литийді ерекше атап өтуге болады. Экономиканың беки түсуіне әсер ететін тағы бір сала бар. Ол – көлік-транзит. Президент жаңа бағыттарға жол һәм темір жол салуды тапсырған. Мұның бәрі Қытай мен Орталық Азияның арасындағы көлік дәлізін дамытуға септігін тигізбек.

Цитата

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Былтыр еліміздің бірқатар қаласының әуе терминалдары жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Осы орайда ел аумағында халықаралық әуе хабын құру ісі қолға алынғанын атап айту керек. Президент жүк және жолаушылар терминалдарын, логистикалық орталықтарын, заманауи қызмет көрсету орындарымен қамтылған толық экожүйені құруды міндеттеп отыр. Бұл салаларда да Қазақстан өзінің экономикасына тиесілі пайдадан қағылмауы қажет. Қауіпсіздік кеңесінің алдағы отырысы осы көлік-транзит, логистикалық әлеуетті дамыту тақырыбына арналады.

Келешекті ойлайтын ел заман ағымынан қалмауға тырысатынын белгілі. Сол үшін Президент цифрландыру саласында жетекші рөлге ие болуды мақсат етеді. Әлемдік сауда электронды жүйеге көшті. Мемлекеттік қызмет екі бастан сандық режимге ауысқан. Дегенмен, өркениеттің өзге де тұстарына назар аудару керек. Берік Уәли Қытай тарапы бар-жоғы 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасағанын еске салып, оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түскенін айтты. Осындай бастамалардан қалыс қалмауымыз үшін Президент жасанды интелект саласындағы озық ойлы тұлғалармен жиі кездеседі.

Цитата

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Жуырда ғана осы саладағы қытайлық кәсіпкер Ли Кай Фуды қабылдаған болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде де Қытай тәжірибесін кеңінен зерделеу жөнінде тапсырма беруі бекер емес. Бұл салада біз бағындыратын биіктер әлі алда. Жалпы цифрландыру саласына мыңдаған маман даярлаудан бастап, елордада Al-Sana жасанды интеллектіні оқыту орталығын ашуға дейін бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр деуге болады.

 

Б.Уәли: Мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім

Басылым бетінде шыққан әңгіме елімізді лақап атпен атаушылар жайында өрбіді. Берік Уәли мемлекет беделіне нұқсан келтіруші мұндай азаматтарды қоғам болып тыюды ұсынды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Сұхбат Қадыр Мырза Әлінің мына бір қанатты сөзімен аяқтады. «Тәуелсіздікті сәт сайын қорғау керек». Расымен туған ел баршамызда – біреу, мемлекетіміз – жалғыз. Демек, оның беделі сіз бен біздің ар-намысымыз. Тиісінше, науқаншылыққа салынбай, арзан сөзге әуестенбеген абзал. Президент те осыған үндейді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ербол Дайыров, Досқан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz